№1 Өскемен қалалық Емханасына «Ана мен балаға достық қарым-қатынас клиникасы» мәртебесі берілді. Халықаралық мәртебені «Balajan» қоғамдық қоры тапсырды. Облыстың бас педиатры Гүл Құсайынованың айтуынша,өңірімізде мұндай мәртебеге екі медициналық ұйым – Ана мен бала орталығы және Өскеменнің №1 қалалық емханасы ие.
Бұл мәртебе медициналық ұйым босанған әйелдерге нәрестені емізуді үйретеді және соған кеңінен ынталандыруға көмектеседі дегенді білдіреді екен, өйткені бұл ана мен бала үшін өте пайдалы.
Өскемендік медициналық ұйымның қызметкерлері бұл атақты алу үшін маңызды аттестаттаудан өткендерін айтады. Ұлттық сарапшылар барлық қызметкерлер, жүкті және бала емізетін аналар және олардың отбасы мүшелері арасында жасырын сауалнама жүргізген (қатаң құпия және жеке жағдайда), сондай-ақ құжаттармен танысқан, көрнекі ақпараттық материалға шолу жасалған.
-Сарапшылар жүкті әйелдерге арналған мектептің қызметімен танысу үшін сабақтарымызға қатысып, емшек емізудің әрбір қадамдары ДДҰ/ЮНИСЕФ жаһандық критерийлеріне сәйкес бағаланды. Шарт бойынша, ұжым әрбір қадамнан кемінде 80 балл жинау керек болатын. Біз осы шарттардың бәрін растадық. Нәтижесінде «Ана мен балаға достық қарым-қатынас клиникасы» мәртебесіне ие болдық, — деп қуаныштарымен бөлісті №1 Емхана бас дәрігері Айман Болатқызы Мырамытова.
Естеріңізге сала кетейік, 1-7 тамыз аралығында нәрестені емшекпен емізуді қолдаудың Дүниежүзілік апталығы өткен-ді.
-Емшекпен емізуді қолдау апталығында жас аналарға емізудің артықшылықтары түсіндіріліп, баланы омырауына дұрыс салудың жолдары үйретіледі. Ең бастысы, емшек сүтімен қоректенетін балалар вирустық, ішек ауруларына төзімді келетінін, олардың құлақтары мен тістерінде проблемалар аз болатынын айтып, түсіндіреміз, — дейді емхананың ерте даму кабинетінің медбикесі Фарида Елеманова.
Анықтама: Балаға мейірімді аурухана немесе baby-friendly hospital – бұл ДДҰ мен ЮНИСЕФ ауруханаларға емшек сүтімен емізуді қолдағаны үшін берілетін халықаралық мәртебе. Бірінші кезекте бұл бастама тек перзентханаларға қатысты болды, бірақ 2003 жылы оған әйелдер консультациялары мен балалар емханалары қосылды.