Тұмау — жыл сайын өзгеріп отыратын және ауа-тамшылы жолмен, сондай-ақ жөтелгенде немесе түшкіргенде қол арқылы тез таралатын жіті вирустық ауру. Оның белгілері көпшілікке таныс: жоғары температура, жөтел, тамақтың ауруы, бүкіл дененің сырқырауы, бас ауруы, қалтырау және қатты шаршағыштық. Балаларда ауру әртүрлі өтеді: кейбіреулері ұйқышыл және әлсіз болса, басқалары мазасыз және ашуланшақ болуы мүмкін. Көбіне температура 37–38°С-қа дейін көтеріліп, тыныс алудың қиындауы байқалады.
Тұмаудың ең қауіпті асқынуларының бірі — екіншілік бактериялық пневмония. Дәл осы асқыну өлімнің басты себебі болып табылады. Сонымен қатар тұмау жүрек, өкпе, бүйрек ауруларын, сондай-ақ қант диабеті сияқты эндокриндік ауруларды асқындырады.
Алдын алудың ең сенімді тәсілі — вакцинация. Ол жұқтыру қаупін азайтып қана қоймай, аурудың ауыр өтуінен және асқынулардан қорғайды. Екпені әсіресе 60 жастан асқан адамдарға, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға, жиі ЖРВИ-мен ауыратындарға, созылмалы аурулары бар тұлғаларға алу маңызды. Жекелеген топ ретінде жүкті әйелдер ерекшеленеді: тұмау олар үшін аса қауіпті, себебі болашақ ана мен балаға асқынулар тудыруы мүмкін. Сондай-ақ қауіп тобына адамдармен үнемі байланыста болатын мамандық иелері кіреді — медицина қызметкерлері, педагогтар, әлеуметтік сала қызметкерлері, әскерилер.
Вакцинацияны эпидемиологиялық маусым басталғанға дейін — қыркүйек, қазан немесе қараша айларында жүргізу ұсынылады. Қазіргі заманауи вакциналар қауіпсіз әрі тиімді. Биыл Қазақстанда алдын алу мақсатында бірреттік шприцтердегі үшвалентті инактивтелген «Гриппол плюс» (Ресей) вакцинасы қолданылады.
ШҚО ДСБ «Өскемен қ. №1 қалалық емханасы» ШЖҚ КМК-да вакцинация 29 қыркүйектен басталып, бүгінгі күні 1134 адамға екпе салынды. Екпені мына мекенжайлар бойынша алуға болады: Ауэзов көшесі, 18 және Потанин көшесі, 4.
Емхананың эпидемиологы Ахтанова Гүлдарай Кеңесбекқызы атап өтті:
«Вакцинация — өзіңізді және жақындарыңызды тұмаудың асқынуынан қорғаудың ең тиімді жолы. Екпе алдында міндетті түрде дәрігердің қарауы жүргізіледі. Біз әсіресе қауіп тобындағы адамдарға, соның ішінде жүкті әйелдерге вакцинацияны кейінге қалдырмауды ұсынамыз».

