Денсаулық сақтау вице-министрі Өскемен қаласының №1 емханасына барды
Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Алия Рустемова жұмыс тобының құрамында Өскемен қаласының №1 емханасына келді.
Сапар барысында делегация мүшелеріне мейіргерлік қабылдау кабинеттерінің, Ерте араласу орталығының, колл-орталықтың жұмысы, сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер бойынша халықты ақпараттандыру және кері байланыс орнату жүйесі таныстырылды. Алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылып, скринингтік тексерулердің жүргізілуі туралы мәліметтер, сондай-ақ пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметінің (ПҚҚ және ІАҚ) қызметі ұсынылды.
Өскемен қаласының №1 емханасының бас дәрігері Айман Мырамытова алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін енгізу халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті:
«Біздің басты міндетіміз – медициналық көмекті пациенттер үшін барынша түсінікті әрі қолайлы ету. Біз мейіргерлік қабылдаудың рөлін күшейтіп, балалардағы қауіп факторларын ерте анықтау бағытында жұмыс жүргізудеміз, колл-орталық пен халықпен кері байланысты жетілдірудеміз. Бұл шаралардың барлығы пациенттердің өтініштеріне жедел әрекет етуге және медициналық көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Айман Мырамытова.
Оның айтуынша, емханада 2026 жылдан бастап енгізілетін өзгерістерге дайындық бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде, оның ішінде халыққа түсіндіру жұмыстары мен медициналық персоналдың біліктілігін арттыру шаралары қамтылған.
Жұмыс сапары алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде жүргізіліп жатқан реформалардың тәжірибеде іске асырылуын бағалауға және медициналық ұйымдар мен пациенттер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
