Skip to content

Жүгірудің, жиі жаяу жүрудің пайдасы қандай Тіршіліктің күйбеңімен жүріп кейде…

Жүгірудің, жиі жаяу жүрудің пайдасы қандай

Тіршіліктің күйбеңімен жүріп кейде денсаулыққа мүлде мән бермей кететініміз бар. Ал денсаулықтың кепілі – спорт екендігі баршаға мәлім. Спорттың бір түрімен белсенді айналысуға, күн сайын жаттығу залына баруға екінің бірінің уақыты жете бермейді. Бірақ таза ауада серуендеуге, арасында жаяу жүруге ден қоюға әсте болады. Бүгінгі мақаламыз осы тақырып төңірегінде.

Спортты серік етіңіз

Махатма Ганди «Менің өмірім» атты кітабында денсаулықты күту үшін үнемі таңертең жұмысқа жаяу барып, кешкісін жаяу қайтатынын жазған. Үнді қайраткері қастандықтан көз жұмғанда 78 жаста еді. Оның осыншама жасқа дейін денсаулығы жақсы, санасы сергек болуына үнемі қимыл-қозғалыста жүргендігінің әсері мол екендігіне ешкім шүбә келтірмес.

Өкінішке қарай, технология дамыған мына заманда адамдар қозғалыстан қалып барады. Жұмысқа көлікпен жетіп, кабинетте кешке дейін отырады. Жұмыстан соң үйге келіп, ішке ел қондырып алады да «шаршадым» деп диванда жатады. Сөйтіп, түрлі аурулардың өзіне кенедей қадалғанын асқынғанда бірақ біледі. Қазір аурулардың «жасарып» келе жатқандығына да осы себеп. Ал спортты серік еткендер денсаулығын сақтап, аурудан ада болады. Күн сайын жаттығу залына баруға уақытыңыз жетпесе, онда таза ауада серуендегеннің, жаяу жүргеннің пайдасы мол. Бұл туралы Өскемен қ. №1 емхананың бөлім меңгерушісі Айгерім Қабдығалиева тереңірек айтып берді.

«Серуендеу мен жүгіру қан айналымын жақсартып, адам организмін оттегімен қандырады. Тамыр жүйесін жаттықтырып, көптеген жүрек ауруының алдын алады. Баяу жүгіру кезінде ағзаның зат алмасу процесі қалыпқа келіп, қандағы холестерин мөлшері азаяды. Жүгіргенде, серуендегенде қан тамырлар арқылы белсенді өтіп, оларды нығайтады және жүрек-қан тамырлары ауруларына қарсы тұруға көмектеседі», – дейді ол.

Тұрақты жүгірумен айналыссаңыз, онда жүрек камераларының көлемі ұлғайып, соның нәтижесінде жүрегіңіз мықты бола түседі. Бұдан бөлек, жүгіру жүрек соғу жиілігін қалыпқа келтіріп, тахикардияны жеңуге көмектеседі.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *